Білім

Балдырған

Енді соғыс болмасын!

  • Жеңіс!..

Оны сан миллиондаған адамдар төрт жыл бойы минуттап, сағаттап,сарыла күтті. Ақыры, олардың үміті мен сенімі ақталды. Тілектері орындалды. Бірақ сол Жеңіс оңайлықпен келген жоқ.

Ана жарын жоғалтып жесір, бала әкесінен, анасынан айрылып жетім атанды. Буыны қатпаған жас балалар мен жесір әйелдер, қарттар, аналар соғыстың қайғы-қасіретін арқалай жүріп тынбай еңбек етті.

Сол кездегі балалар балдәурен балалықтың қызығын көрмей өсті. Бала болып ойнамады, ұйқылары қанбады. Ұлы Жеңіс үшін аналарымыз майдандағы жауынгерлерге арнап қолғап-шұлықтар тоқыды. Зауыт, фабрикаларға әйелдер, балалар, қариялар жұмысқа тұрды. Олар соғысқа қажетті қару-жарақ әзірледі. Майдандағы адамдарға азық-түліктер жөнелтіп отырды. Жүздеген мың адам жанқиярлықпен еңбек етті. Бірақ ешкімнің сағы сынбады, жігері жасымады.

Қаншама қайғы-қасірет көрсе де халқымыз жойқын соғыста теңдессіз Жеңіске жетті.

1945 жылдың 9 мамыры күні бұрын-соңды болмаған мыңдаған зеңбіректерден отыз дүркін салют атылды. Міне, Жеңіс күні осылай тойланды.

Ешкім де, ешнәрсе де ешқашан да ұмытылмақ емес. Осы қан майданда мерт болған ерлердің рухына, бүгін арамызда асқар таудай болып жүрген аталарымызға басымызды иіп тағзым етеміз.

Ананы — баладан, баланы — анадан айыратын сұм соғысқа жол жоқ.

Біз бейбітшілікті жақтаушы, достықты жырлаушы, тыныштықты сақтаушы елміз. Елімізде және Жер бетінде мәңгілік тыныштық орнасын!

Ақсамал ҚУАНЫШБЕК,

Б.Алманов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы.

Құрылыс ауылы,

Ырғыз ауданы.

  • Қазақтың батыр ұл-қыздарының ерлігіне әлем тәнті.

Қазақтың қос шынары — Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлованың есімдері Жеңіс тұғырында жарқырап тұр. Сондай-ақ ұшқыш Талғат Бигелдиновтің, қарумен де, қаламмен де соғысқан Бауыржан Момышұлының ерліктері — бізге үлкен өнеге.

Бізге жарқын болашақ өмір сыйлаған барлық батырлардың рухы әр ұрпақтың жүрегінен орын алары анық.

Барлық адам соғыс болғанын қаламайды.

Мен де қанды шайқас болмаса деп тілеймін.

Назерке ӘЙІП,

Қ.Жазықов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Кемерши ауылы,

Байғанин ауданы.

***

Менің атам — майдангер

  • МЕНІҢ АТАМ Жолан Таспағанбетов майданға 1943 жылы 18 жасында аттанған.

Жарты жылдай Полтава түбінде әскери даярлықтан өткен соң Үшінші Украин майданына жіберіліп, пулеметші болады.

1944 жылы қаңтарда Венгрия қалаларын бірінен соң бірін азат етіп жатқан кез екен. Құрамында атам да бар әскери құрама жанқиярлық шайқаспен Дунай өзенінен өткен шақта, немістердің бекінісіне кездесіп, тағы да ұрыс басталып кетеді. Атам ауыр жарақат алып, ес-түссіз құлайды. Украин, ебірей достары оны лазаретке жеткізеді. Қимылсыз жатқан соң атамды өлдіге балап, үстіндегі киімдерін шешіп тастапты, құжаттары сол киіммен бірге кетеді. Бірақ атам Алланың күшімен төрт күн дегенде есін жиыпты. Оның терең күрсінгенін естіп қалған дәрігерлер қайта қаумалап, жөн-жосығын сұрапты. Атам өзінің аты-жөнін, туған жерін жазып беріпті.

Атам Жеңіс хабарын Донбасстағы госпитальда жатып естіген. Ал 1946 жылы елге ІІІ топтағы мүгедек болып оралған. Оралған соң мойымай, отбасын құрып, мал баққан, бақша еккен, қойма меңгерушісі болған, зейнеткерлік жасына жеткенше тыным таппаған. Біз, немерелері, соғыс туралы сұрағанымызда атам қатты қиналып қалатын. Атам 2001 жылы дүниеден озды.

Қазір үйдің төрінде атамның І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», «Маршал Г.Жуков», т.б. көптеген медальдары ілулі тұр. Біз жылда Жеңіс күнінде атамның шаңырағында бас қосып, зиратына барып, атама құран бағыштаймыз.

Айдана ЖОЛАН,

Талдысай орта мектебінің оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

  • Менің атам Жанша Мұстафин майданға 1942 жылы қыркүйекте 19 жасында аттанып, елге 1947 жылы наурыз айында оралған.

Атам құрамында болған әскери құрама Паулюстің армиясын қоршауға алу, Курск бағыты, Корсунь-Шевченко шайқасы, Сандомир плацдармын босату, Одерден өту, Берлинге шабуыл, Праганы азат ету тәрізді көптеген ұрыстарға қатысқан.

Атам қызмет еткен бөлімше ылғи ерлікпен соғысқан. Солардың қатарында менің атам да «Ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Атам қызмет еткен бригада интернационалдық құрама болған, тек 1-батареяда ғана 16 ұлттың өкілі болыпты, қазақтар екеу екен: атам және шымкенттік Нағи Тастанбеков. Ал дивизия командирі беларусь, бригада командирі ебірей, батарея командирі башқұрт, взвод командирі молдаван, орудия командирі украин болған. Атам соғыста үш рет контузия алған.

Атам соғыстан келген соң арнаулы орта білім алып, агроном болды, кеңшардың кадр бөлімін басқарды. «Тың жерлерді игергені үшін» медалін, көптеген грамоталар алды, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барды. Әжем Айман Өтекешова екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірді. Менің Айман әжем де үлгілі ұстаз, «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі».

Қазір 87 жасқа келген атамды біз өте жақсы көреміз.

Гүлдәурен САҒЫНБАЕВА,

7-сынып оқушысы.

Оймауыт ауылы,

Байғанин ауданы.

  • Менің нағашы атам Әміржан Жолмағанбетов ел басына қатер төнгенде өз ауылдастарымен бірге ел қорғауға аттанған.

Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, аман-есен оралған. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Мен нағашы атамды әрқашан мақтан тұтамын, осындай аталарымыздың ерліктеріне бас иемін.

Қуаныш САҒИТЖАН,

№ 2 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

  • Менің атам Қияс Сәрсенбаев Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыста ерліктер көрсеткен, бірнеше ордендері мен медальдары бар.

Атам соғыстан аман-сау оралған соң жақсы қызмет жасаған, М.Калинин атындағы кеңшардың директоры болған.

Ырғыз селосында атамның атымен аталатын Қияс Сәрсенбаев атындағы көше бар. Мен атамның атымен аталатын көшеде мақтанышпен жүремін және мәңгі мақтан етемін.

Бекжан ЖАҚАС,

Ы.Алтынсарин атындағы мектептің

1-сынып оқушысы.

Ырғыз селосы.

Оқушының өлеңі

Жеңіс

Әлия, Мәншүк апамыз

Елін, жерін қорғаған.

Батыр қыздар ерлігін

Елі, халқы қолдаған.

Әлия, Мәншүк ерлігі

Ұмтылмайды мәңгіге.

Ұрпақтары мақтанып,

Айтар ұлы әңгіме.

Аяжан ТҰРАҚБАЙ,

5-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Батыр ата Бауыржан,

Ел сүйетін қаһарман.

Отан үшін от кешіп,

Халық ұлы атанған.

Али НАУРЫЗБАЕВ,

№ 32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Аталардың батырлығын

Мақтан етіп жүремін.

Бейбіт өмір бұзылмасын,

Болмасын соғыс — тілегім.

Нұрай ЖОЛЖАН,

№ 2 орта мектептің оқушысы,

Ембі қаласы.

Енді соғыс болмасын,

Бейбітшілік жырласын.

Сәбилердің күлкісі

Бір сәтке де тынбасын.

Айдана ӘЛЖАНОВА,

№ 33 қазақ орта мектебінің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Соғыспенен майданды көргендеймін
    Сол туралы естігенде өлгендеймін
    Соғыспенен майданнан құтылғанда
    Мен өмірге қайтадан келгендеймін!
    Анасы баласынан айырылды
    Сол кезде қанаттары қайырылды! деп оз оленимди арнаймын!

    Г.Молдашев атындагы О.Ж.Б.Б. мектебінің түлегі!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button